Таяммүм

Таяммүм сөзі:
• Тіл саласында: таза жер жынысын қолдану арқылы тазару;
• Шариғат саласында: тазару ниетінде таза жер жынысымен бет пен екі қолды шынтаққа дейін сипау деген ұғымды білдіреді.
Су болмаған жағдайда таяммүм дәрет және ғұсыл орнына жүреді. Өйткені, Алла Тағала Ниса сүресінің қырық үшінші аятында:
«Егер ауру немесе сапарда болсаңдар немесе сендерден біреу түзге шығып келсе яки әйелдерге жақындасып су таба алмасаңдар, таза жер жынысына беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар ( таяммүм арқылы тазаланыңдар)», деп әмір еткен.


Таяммүмнің парызы төртеу:
1. Таяммүмға ниет ету;
2. Таза жер жынысын таңдау;
3. Екі алақанды топыраққа ұрып, бетті сипау;
4. Екі қолды жерге ұрып, екі қолды шынтаққа дейін сипау.

Таяммүм рұқсат етілетін жағдайлар
Төмендегідей жағдайларда дәрет, ғұсыл орнына таяммүм жасауға рұқсат етіледі:
1. Төрт мың қадамнан жақын жерде ( екі шақырым) су болмаса;
2. Су қолданса науқастанып қалудан немесе науқастың асқынып кетуінен қорықса;
3. Су бар жерде қауіп қатер болса;
4. Бар болған суды қолданғанда өзі немесе малдарымен көлігі сусыз қалу қауіпі болса;
5. Құдық, өзенінен су алу мүмкіндігі болмаса;
6. Дәрет алғанша жаназа немесе айт намазы оқылып кететін болса.

Таяммүмнің шарттары
1. Не үшін таяммүм қылатынын нақты білу;
2. Таза топырақ, құм, тозаң, тас сияқты жер жынысы болу;
3. Бет пен қолда май, балауыз сияқты нәрселердің болмауы;
4. Бетті, қолды толық сипау;
5. Тұтас алақанмен немесе көбірек бөлігімен сипау;
6. Қол жерге екі рет ұрылу: бір мәрте бетті, екінші рет екі қолды сипау үшін.

Таяммүмнің сүннәттері
1. «Бисмиллаһ» деп бастау;
2. Тәртібімен орындау. Яғни, алдымен бетті, кейін оң, сосын сол қолын сипау;
3. Жерге алақандарды ұрғанда саусақтардың арасы ашық болу;
4. Ірі тас, топырақ түссін деп алақанды бір біріне ұру.

Таяммүмді орындау жолы
Алдымен ниет етіліп «Бисмиллаһ» делінеді. Кейін саусақтардың арасы ашылып, екі алақан таза жерге ұрылады. Осыдан кейін екі алақанмен беттің дәретте жуылуы парыз болған жері толық сипаланады. Қас, мұрт сипалағанда алақан теріге тиюі шарт.
Осыдан кейін қол қайта ұрылып алдымен оң, кейін сол қол шынтағымен қоса сипаланады.

Таяммүмді бұзатын нәрселер
1. Дәретті бұзатын нәрселер;
2. Дәрет аларлықтай су табылса;
3. Суды қолдану мүмкіндігі туса. Мысалы, науқасынан айығып кетсе.
Таяммүмға қатысты қосымша мағлұматТаяммүм алушы кісі оның ниетін нақтылап алуы шарт. Себебі, су болмаған жағдайда намаз оқу, тіләуат сәждесін орындау немесе Құранды ұстау үшін алынған таяммүмнің, әрқайсының өз дәрежесі бар. Сол себептен, нақты ниетсіз, қалай болса солай алынған таяммүм дұрыс болмайды.
Таяммүмда намаз оқу үшін ниет ету парыз. Намаз алдында ғұсыл және дәрет алу талабы болған жағдайда, ғұсыл мен дәретке, яғни, екеуіне бір ниет жеткілікті болады. Бұл жағдайда: «Алланың разылығы үшін, нәжістен тазарып намаз оқу үшін таяммүм қылуды ниет еттім», деп таяммүм алған кісі ғұсыл мен дәретті орындаған болады. Мәселен, жунуб болған кісіге жунуб болғаны мен дәретсіздігінің арасын бөлу шарт емес. Оның жоғарыда көрсетілгендей бір ниетпен алған таяммүмы намазға жарайды.
Жаназа намазы немесе тіләуат сәждесін орындау үшін алынған таяммүм парыз намаздарын оқуға жарайды, парыз және нәфіл намаз үшін алған таяммүмнің айырмашылығы жоқ.
Парыз намазын оқу ниетімен алынған таяммүм мен парыз, уәжіп немесе нәфіл, яғни, намаздың қандай түрі болсын оқыла береді. Уақытында да шектеу жоқ. Мысалы, бесін намазы үшін. Алынған таяммүм аср намазына жарайды. Тек арада таяммүмді бұзатын жағдай болмауы шарт.
Намаз үшін немесе тіләуат сәждесі үшін алынған таяммүммен Құран ұстауға болады. Бірақ Құран ұстау үшін алынған таяммүм намазға жарамайды, тіләуат сәждесі үшін жасалған таяммүммен намаз оқуға болады.

Пікір қалдыру